Астанада жарық және газ бағасы өзгеріссіз қалады

Астанада сұйытылған газ бен электр энергиясын бөлшек сауда арқылы сатуға қатысты бағаны реттеу 2017 жылдың 1 қаңтарын бастап өз жалғасын табатын болды

Бүгін Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы алаңында 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылатын мемлекеттік бағаны реттеу саласындағы өзгертулер түсіндірілді.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Алмат Жүнісов шараны ашу барысында, Палата алдында тұрған негізгі мақсаттың бірі – мемлекеттік органдар мен бизнес арасында сұхбат алаңын құру екенін айтты. Осыған орай, Палата бастамасымен түсіндіру және кеңес беру сипатындағы түрлі семинарлар мен дөңгелек үстелдер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Бұл жолы бағаны реттеудің мемлекеттік түрінен монополияға қарсы түріне өту жайын ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Болат Танабергенов байыптап берді.

Ол өз кезегінде, теміржол көлігі, электр және жылу энергетикасы, мұнай өнімдерін шығару, мұнайды тасымалдау, азаматтық авиация, пошта байланысы, сондай-ақ, газ саласы нарығындағы бағаны реттеуге қатысты өзгертулер 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз күшіне енетінін жеткізді. Монополияға қарсы реттеу түріне өту Қазақстан Республикасының бәсеке саясатына шолу жасау нәтижелері бойынша ұсынылған және ол Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) ұсыныстарына сай келеді екен.  

«Бағаны реттеу жүйесін реформалау бағалық реттеуден монополияға қарсы реттеу түріне өту арқылы жүзеге асырылады. Яғни, бұл дегеніміз монополиялық жоғары бағалармен байланысты заңбұзушылықтарға жол бермеу, картельге қарсы күрес шараларын күшейту, баға белгілеудегі сыбайлас келісімдердің алдын алу және тағы басқа шаралар болып табылады. Сонымен қатар, нарықтағы бағаны реттеуді алып тастау, ел экономикасына мультипликативтік нәтиже беретін, жеке салалар нарығы субъектілері көрсететін қызмет бағаларының орынсыз артуына немесе әлеуметтік қысымға әкеп соқтыруы мүмкін. Осыған орай, Ұлттық экономика министрлігі арнайы сараптама жасады. Нәтижесінде, қоғамдық маңызы бар нарықтардың тізімі жасалып, осы тізімге ілінген нарық салаларында бағаны реттеудің жаңа түрі енгізілетін болады», – деді Болат Танабергенов.

Осылайша, мұндай қоғамдық маңызы бар нарық салаларына газ, теміржол көлігі, азаматтық авиация және электр энергиясы салаларындағы кейбір қызметтер жатқызылды.

«Қазіргі таңда, Департамент 18 қызмет бойынша 12 нарық субъектісінің бағасын реттеп келеді. Олардың арасында: электр энергетикасындағы бір субъект, газ саласындағы тоғыз қызмет бойынша бес субъект, теміржол көлігіндегі сегіз қызмет бойынша алты субъект бар. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті, «Астанаэнергосбыт» АҚ арқылы электр энергиясын жекелей сатуға қатысты және «Астана қаласы газбен жабдықтаудың орталық жүйесі» ЖШС арқылы сұйытылған газды бөлшектеп сату ісіндегі бағаны реттеу жұмысын одан әрі жалғастырады. Жаңа жылдан бастап, аталған субъектілер бойынша бағалар сол қалпында қалады», – деп атап өтті Болат Танабергенов.

Ал қалған субъектілер монополияға қарсы реттеу түріне өтеді деп күтіліп отыр. Бұл ретте, баға кенеттен «шарықтайтын болса», монополияға қарсы орган қандай да бір шараларды қолға алуға құқылы екен. Себебі, аталған жайттар орын алған жағдайда, бәсеке саласында заңбұзушылық орын алған болып саналады деді ол. Сол себепті, орган оларға жоғары айыппұл сала алатын көрінеді.

«Егер субъектілер нарық заңы негізінде және ҚР Кәсіпкерлік кодексінің бәсеке ережелеріне сай жұмыс жасай алмайтын болса, тауар нарығындағы сияқты, жеке субъектіге де бағаларды мемлекеттік реттеу құқығы қарастырылатын болады», – деді монополияға қарсы мемлекеттік мекеме өкілі.

Translate »

WildWeb

Яндекс.Метрика
Top.Mail.Ru